Тірі ағзалардың таралу аймақтары немесе ареалдарын анықтау үшін биологиялық материалдар жинау, биологиялық экспедициялар жасау, музейлік коллекцияларды зерттеу және т.б. әдістер қолданылады. Осылай жиналған мәліметтер арнайы картаға түсіріледі. Осындай биогеографиялық карталар жасалғанда ағзалар таралуының негізгі заңдылықтарын ұмытпау кажет. Олар мыналар:

  1. Өсімдіктер мен жануарлардың кез келген түрінің өз ареалдары бар.
  2. Түрдің ареалдары белгілі бір дәрежеде сыртқы орта факторына байланысты болып келеді.
  3. Туыс емес түрлердің таралуы ұқсас себептерге байланысты болуы мүмкін (өсімдіктер топтасып өседі, ал жануарлар осы өсімдіктерге байланысты таралады).
  4. Кейбір өсімдіктер мен жануарлардың тіршілік ететін аймағы немесе ареалы өте кең болуы мүмкін және олар әр түрлі топтарға кіруі мүмкін.

Биогеография ғылымының ең негізгі қағидаттарының бірі өсімдіктер мен жануарлардың әр бір түрі бір ақ рет пайда болады. Олардың пайда болу жері шығу тегінің орталығы деп аталады.

Өсімдіктер мен жануарлар Жер бетінің барлық бөліктерінде бірдей кездеспейді. Ол түгіл, өздері тіршілік ете алатын қолайлы жерлерде де кездеспеуі мүмкін. Мысалы, Орталык Африкада пілдер, гориллалар, шимпанзе, арыстан, антилопалар кездеседі. Ал Блазилияда климат жағдайы осыған ұқсас болғанымен, бұл жануарлардың біреуі де кездеспейді.

Қазіргі заманғы жануарлар және өсімдіктер түрлерін тек қана олардың эволюциялық тарихының негізінде түсінуге болады. Кейбір түрлерідің географиялық ареалы бірнеше шаршы км жерді алуы мүмкін немесе бүкіл жер шарын камтуы мүмкін.

Бір-біріне туыс түрлердің ареалдары бір-бірінен өте қашықта орналаспайды, бірақ бір-бірімен шектесіп те жатпайды. Араларында көбіне табиғи кедергі орналасады. (тау тізбектері, үлкен шөл және т.б.). Бұл тұжырымдама Джордан ережесі деп аталады. Осындай, тірі ағзалардың таралуына кедергі болатын табиғи құрылымдар биогеографиялық барьер (кедергі) деп аталады.