Британдық Ағартушылықтың көрнекті өкілі – Болингброк идеялары оның «Бүлік тарихының» авторы, граф Кларендонның шөбересі, лорд Корнбериге арналған «хаттарында» тұжырымдалды. Оған француз философтары, əсіресе Вольтердің ықпалы зор болды. Болингброктың пікірінше, адамдардың тарихқа жүгінуге ықпал ететін себептер қатарында адамның өзіне, өзінің табиғатына деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі жатыр.

Болингброк тарихи жазудың екі түрін бөлді: поэтикалық жəне рационалдық. Поэтикалық тарих адам сезімдеріне ықпал етіп, деректердің шынайылығы маңызды болмады. Тарих шындығы типтік сипаттарды ұсынумен шектелді. Ойдан шығарылған пікір де, тарихи əңгіме сияқты əсер қалдырды. Рационалдық тарих жетілмегендіктен бұл кезде басым болмады. Оның пайдасы – əр дəуір мен ұрпақтардың əлеуметтік, саяси тəжірибесін сабақтастырып жеткізуде. Рационалдық тарих бойынша, тарих мысалдарға жүгінген философия сипатын қабылдады. Сонымен қатар, өткен туралы білім əр ұлтқа өзінің өткен замандардағы əлемдік сахнадаға орнын көру, оның көрнекті өкілдерін мадақтау үшін керек болды.

Болингброктың пікірінше, тарихты зерттеу деректерден алынған өткеннің куəлігінің шынайылығын, фактінің нақтылығын, философиялық ақиқаттың шындығын көрсетуі тиіс болды. Өткеннің куəлігінің шынайылығын дəлелдеу үшін деректерді сыни талдау қажет болды, осы тұрғыдан библиялық текстілер мен антикалық тарихнама мəліметтері күмəнмен қаралды. Сондықтан Болингброк тек Қайта Өрлеу кезеңінен басталған жаңа заман тарихын зерттеу қажеттігін дұрыс деді. Бірақ рационалдық тарихнама жекелеген фактінің шынайылығына ғана ұмтылмады, ал тарихшы-философ деректерді талдау арқылы «адамдар мысалдары» мен «оқиғалар мысалдарын» зерттеп, оқиғалар қатарын жасақтап, əртүрлі фактілердің себептері мен байланысын табуға ұмтылды.

Ағылшын ағартушы – Эдуард Гиббон (1737-1794), XVIII ғасырдағы ұлы тарихшылардың бірі. Оксфордта білім алған ол ұзақ уақыт Европаға саяхат жасап, Швейцарияда тұрды. Оның тарихи көзқарастарының қалыптасуына Вольтермен кездесу оң ықпал етті. Гиббон дінге сыни тұрғыда қарады. Оны даңқты еткен 7 томдық «Рим империясының құлау жəне жойылу тарихы» атты еңбегі. Мұнда Рим тарихы Марк Аврелийдің басқаруынан 1453 жылғы Константинопольдің құлауына дейін қарастырылады.

Гиббонның тарихи зерттеулеріне Вольтердің ағартушылық идеялары əсер етті. Гиббон Вольтер сияқы тарихи үдерісті өркениеттің дамуы ретінде қарастырып, тек саяси тарих қана емес, адамзат қоғамының басқа да қырларын: экономика, жер шаруашылығы, сауда, заңдар, мəдениет, əскери ұйымдарды зерттеді. Оның зерттеулері деректік қордың сан-алуандығымен құнды болды. Рим мемлекетінің құрылуын Жерорта теңізі тарихындағы бақытты шақ деп қарастырып, Гиббон Марк Аврелий өлгеннен кейін Рим өркениетінің құлдырау тарихын түріктердің Константинопольды алуына дейін баяндайды.

Гиббон үшін Византия тарихы – құлаған Рим империясының жалғасы. Гиббон еңбектеріне ағартушылық идеялар мен деректерді терең білу жəне өңдеу тəн. Оның еңбектері XVIII ғасырдағы ағартушылық тарихнаманың көрнекті үлгілерінің бірі ретінде танымал болды, көптеген европалық тілдерге аударылды. Ағылшын ағартушылық тарихнамасында өзіндік орны бар еңбектердің бірі Адам Диксонның 2 томдық монографиясы антикалық жер шаруашылығына арналып, «Ежелгі жер өңдеу» («О древнем земледелии») (1764-1772) деп аталды.

Шотландияның жəне бірқатар европалық елдердің ауыл шаруашылығының білгірі, Диксон рим агрономдарының еңбектерін зерттеп, Рим экономикасының аграрлық болғандығын негіздейді. Ағартушылық идеялары саяси бытыраңқы Герман мемлекеттеріне де таралып, неміс зиялыларының князьдік абсолютизмге оппозициялық көзқарастарын қалыптастырды. Неміс буржуазиясының əлсіздігі салдарынан олар ағартушылық қозғалысқа араласпады. Неміс ағартушылығы антикалық тарихты зерттеу объектісі етіп, бытыраңқы Германия жағдайында антикалық тарихты дəріптеп, оны еркіндік пен адамгершілік, үйлесімділіктің идеалы ретінде қабылдады.

Антикалық заманды дəріптеу – бытыраңқы Германиядағы реакция мен деспотизмге, шіркеу үстемдігіне қарсылық еді. Ағылшын ағартушыларының қатарында белгілі ағылшын философы жəне тарихшысы Дэвид Юм (1711-1776) айрықша аталады. Оның «Адам табиғаты туралы трактат» (1739 ж.) жəне «Адам санасын зерттеу» (1748) атты шығармаларында адамның объективті əлемді өз түсінігіне сай қабылдайтыны негізделген. Юм философиясы субъективті идеализмге жақын. Басқа да ағартушылар сияқты Юм құдай ілімі жəне шіркеуге қарсы көзқараста болып, діни фанатизм мен ырымшылдықты айыптады. Құдайды жоққа шығармаса да, ол католиктер мен протестанттар арасындағы ерекшеліктерді көргісі келмеді, пуритандарды діни шыдамсыздығы үшін сынады.

Орта ғасырды Юм жабайылық кезеңі деп бағалап, оны адамзаттың рухани дамуындағы үзіліс деді. Ол француз ағартушылары ықпалымен тарихты – əртүрлі факторлар: географиялық, климаттық, мемлекеттік мекемелер қызметі, дін жəне заң ықпал ететін үдеріс деп қарастырды. Оның басты тарихи еңбегі сегіз томдық «Юлий Цезарьдың Англияны жаулап алуынан 1688 ж. революцияға дейінгі Англия тарихы» деп аталады. Онда ғалым ағылшын қоғамының діни, мəдени жəне рухани салаларына басты назар аударған. Сонымен қатар еңбек мазмұны Англия корольдік əулеттерінің тарихын, саясатын жан-жақты талдаған.

Қоғамдық дамудың қозғаушы күшін Юн идеялардың, моральдың дамуында деп біледі. Юм еңбегінің ұтымды жақтары – əдеби тілі, жарқын образдары оның еңбегін ағылшындар арасында танымал етті. Бірақ ғылыми құндылығы жағынан бұл еңбектің кемшіліктері жоқ емес. Кейбір тарихи оқиғалар деректерді сыни талдаусыз, тексерусіз берілген. Ол ХVІ ғасырдағы реформация қозғалысының себептерін жəне нəтижелерін талдамай, тек бүлік ретінде пайымдаған. Адам Смит шотландық тарих мектебінің ғалымы, экономист, еңбек теориясының авторы. Оның тарихи көзқарастары Англияның қоғамдық өміріне зор қозғау салды. Глазго жəне Оксфорд университеттерінде білім алған ол 1748 жылдан бастап Эдинбург, кейін Глазго университеттерінде лекция оқыды.

Соның негізінде кейін «Адамгаршілік сезімдері теориясы» атты еңбегі жазылды. Одан кейінгі оның шығармашылығы «Халықтардың байлығының табиғаты жəне себептері туралы зерттеулер» деген еңбекке арналды. Бұл еңбектерінде ол адамның ішкі əлемін, оның адамгершілік қасиеттерінің принциптерін жəне адам айналасын қоршаған сыртқы ортаның ықпалын зерттейді. А. Смит адамды қоғаммен байланыста қарады. Бұл қатынастарда адамның қасиеттерінің əртүрлі формада көрінетіндігін негіздеді. Адамдардың өзара қатынастарында жағымды қасиеттерге орын берілсе, қоғамдық қатынастарда жеке адамдардың мүдделері, эгоизм басты рөл атқарады. Сөйтіп, ол адам өміріне сыртқы күштердің араласуын мойындамады. Ол адамзат қоғамының даму тарихын төрт кезеңге бөліп қарады. Онда адамның тамақ табу əдісі негізге алынды: аңшылық, бақташылық, ауылшаруашылық жəне саудалық. Бірінші кезеңде – жекеменшік пен мемлекет болмайды.

Смит мемлекеттің басты мақсаты байлықты қорғау екендігін тұжырымдады. Екінші кезеңде – адамдар арасында теңсіздік шығып, малға жекеменшік пайда болды. Үшінші кезеңде – меншік қатынастары дамып, өкіметтің рөлі күшейеді. Төртінші кезеңде – еңбек бөлінісі мен мамандану үдерісі жүріп, мемлекет дамуының жоғары сатысына жетеді, осылайша ол адамзат қоғамының дамуында материалдық негіздің басты орын алатынына назар аударды. Ол өзінің əйгілі еңбегінде Европаның экономикалық тарихын зерттеп, құлдықтың жəне крепостниктің еркін еңбекке өту формаларын талдады. Ол құлдық экономиканың тиімсіздігін алғашқылардың бірі болып дəлелдеді жəне қалалардың экономикада басым рөл атқаратындығын тұжырымдады. Смит капиталистік экономиканың дамуындағы байлықтың, пайданың негізі қосымша құн екендігін дəлелдеп, қосымша құн теориясының негізін қалады.

Шотландтық тарихи мектептің тағы бір өкілі – Джон Миллар. Оның «Əртүрлі қоғамдық жағдайлар жөніндегі бақылаулар, ағылшын үкіметіне тарихи көзқарас» атты еңбектері бар. Ол əртүрлі елдердегі заңдардың əрқилылығын, сол елдердің географиялықклиматтық, еңбек, халқының саны, жер жағдайларына байланыстырып шығарды. Əр елдің өзіндік ерекшеліктері оның дəстүрлері мен ойлау жүйесінің өзгешелігіне əкелетінін айтты. Мəдениеттің дамуын ол қоғамның материалдық жағдайының жақсаруымен байланыстырды. Ал байлықтың пайда болуын теңсіздікпен, материалдық игіліктерді тең емес бөлуден шығатындығын дəлелдеді. Ол биліктің пайда болуын меншікпен байланыстырып, Англияның жəне Европа елдерінің ХVІІ ғасырға дейін биліктің екі сатысынан өткенін саралады: Бірінші феодалдық ақсүйектік кезеңде билік ірі феодалдардың қолында болса, келесі феодалдық монархия сатысында – билік корольдің қолына шоғырланды.

Джон Миллар сауда мен өнеркəсіптің дамуына байланысты билік формасының да өзгеретінін тұжырымдады. Бұл тұжырым ағылшын буржуазиялық революциясы нəтижесінде жүзеге асып, конституциялық монархия орнықты. Ағылшын ағартушыларының бірі Ульям Робертсон (1721-1793), ең ірі еңбегі «Шотландия тарихы». Онда зерттеуші ағылшын жəне шотланд мұрағаттарындағы құжаттарды пайдаланды. 1792 жылы ол «Индиядағы білім мен сауда туралы тарихи зерттеулер» атты еңбегінде Үнді мəдениетінің көнелігі мен байлығын дəріптеп, өз еңбегінің Англияның Индиямен жете танысуына ықпал ететініне сенім білдірді. У. Робертсонның өзге ағартушылардан ерекшелігі – орта ғасырды сыни тұрғыда қабылдамауында. Ол бұл кезеңдегі қалалардың дамуы, сауданың дамуы, мемлекеттердің дамуы процестерінің болғанын, олардың қоғам дамуына ықпал еткенін тұжырымдады.

Адам Фергюсон (1723-1816) Эдинбург университетінің профессоры, шотландтық мектептің тағы бір өкілі, өз зерттеулерінде қоғамдық дамудың жалпы заңдарын ашуға тырысты. Оның басты еңбегі «Азаматтық қоғам тарихы» деп аталады. Мұнда ол адамзат қоғамының ілгері дамитындығын жəне əлеуметтік қайшылықтардың қоғам өміріне өзгеріс енгізетіндігін тұжырымдады. Ол əлеуметтік қайшылықты қоғамның заңды құбылысы етіп көрсеткісі келді. Сонымен қатар тарихты жазуда Фергюсон салыстырмалы əдісті қолданды.

Авторлық сілтеме:
Жұмабаева Ж.К. Дүниежүзілік тарих тарихнамасы (ежелгі замандардан ХХ ғ. дейін). І бөлім. ЖОО тарих мамандығы студенттеріне арналған оқулық. / Алматы: 2014. – 408 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *