«Ағарту» ұғымы әдебиетте әдетте тек ХVІІІ ғасыр философиясына қолданылып келеді. Бірақ ағартушылықты, яғни халықтың, адамдардың сана-сезімін жетілдіру, ой-өрісін кеңейту ісін тек ХVІІІ ғасырмен – буржуазиялық ағартушылықпен шектеу жеткіліксіз. Мысалы, антикалық ағартушылық жөнінде айтуға болады. Софистер, Сократ – барып тұрған ағартушылар, үгітшілер, насихатшылар. Цицерон Рим топырағына антика философиясын енгізді, халқын философияға үйретті. Ресейдегі ХІХ ғасырдағы Чаадаев, Белинский, Герцен, Л. Толстой сияқты ойшылдардың еңбегін де ағартушылық қызмет деп тануға болады. Қазақ ағартушыларының (Ыбырай, Шоқан, Абай, Шәкәрім, Ғ. Қараш, А. Байтұрсынов, т.б.) есімдері оқушыларымызға жақсы таныс.

Қарап тұрсақ «ағарту» ұғымы кең, ауқымды құбылысты қамтиды екен. Енді Ағарту философиясына тән сипаттарға тоқталайық. Ағартушылар алдарына философияны дамыту, алға бастыру, жаңа ұғымдар мен жаңа бағыттарды негіздеу міндетін қойған жоқ. Олардың көздегені мәдениет, философия саласында ғасырлар бойы жинақталған рухани мұраны, идеяларды, тәжірибелерді, ғылым жаңалықтарын көпшілік қауымға жеткізу, тарату, насихаттау, халық бұқарасының, қоғамның сана-сезімін ояту, жетілдіру, көзін ашу болды.

И. Кант өмірінің соңғы кезінде жазылған «Ағарту дегеніміз не? деген сұраққа жауап» деген еңбегінде Ағартушылықтың мәнін дәл түсіндіреді: «Ағарту – адамның өз кінәсіне сай кәмелетке жетпеген жағдайынан шығуы. Кәмелетке жетпеушілік – басқаның көмегінсіз өз ақылын жүзеге асыра алмау. Өз кінәсына сай кәмелетке жетпеушілік – бұл ақыл-естің жетіспеуі емес, оны басқаның көмегінсіз пайдалануға табандылықтың және батылдықтың жетіспеуі. Демек, Ағартудың ұраны Sapere aude! – өз ақылыңды пайдалануға батылдығың жетсін!» (Кант И. Соч. 6 т., М., Мысль,1966. Т.6. С.27). Кейбір адамдар, шынында да, есейгісі келмей, сәби құсап, өне бойы біреудің жетегінде, біреудің ақылымен жүргенді қалайды. Ағарту философиясы алдына адамдардың оқуға, ғылыммен айналысуға қолын жеткізу, адамның да, қоғамның да есейіп, санасы жетіліп, аяғынан тік тұруына жағдай жасау міндетін қойды. Адам да, қоғам да басқаларға алаңдамай, өз ақылымен ойлап, өз жолын өзі табатын болсын.

Ағарту философиясы өз заманындағы қараңғылықты, надандықты, ескі наным-сенімдерді сынады, мінеді. Ағартушылар бедел, догма дегендерді мойындаған жоқ. Бұл философия шын мәніндегі сыншыл философия болды.

Ағартушыларға тән ортақ қасиет – еркін ойлау, ешкімнен тайсалмай өз ойын ашық айту, кездескен кемшіліктерді ашып көрсету. Ағарту философиясынан біз әр түрлі ілімдердің, бағыттардың, пікірлердің тоғысуын, үйлесуін байқаймыз. Ағартушылар қоғамның алға басуына септігін тигізер деген құндылықтардың бәрін жиыптеріп таратуға тырысты. Сондықтан бұл бағыттағы философияның тақырыбы кең: қоғамның рухани өмірі, әр түрлі топтар, ұлттар арасындағы келісім, тәлім-тәрбие, оқу-ағарту, мәдениет, мораль, дін, саясат – бәрі қамтылған.

Біз өткенде кәсіби философия бар және көпшілікке бағытталған түсінікті философия бар деп атап өткенбіз. Ағарту философиясы, сөз жоқ, соңғысының қатарына жатады. Ағарту философиясы сұхбат түрінде, көркем әдеби тілде, мысалдар, аллегориялар арқылы жарық көрді: Сократтың сұрақ-жауаптары, Вольтердің пьесалары, Руссоның күнделіктері, Чаадаевтың философиялық хаттары, Абайдың қара сөздері, Л. Толстойдың апталық оқулары сол жанрлар қатарына жатады.

Қоғамда еркін ойлауға жол бермейтін бірден-бір кедергі, ағартушылардың пікірінше, Шіркеу болып табылады. Сондықтан олар Шіркеуге қарсы батыл күреске шықты. Ағарту философиясы Германияда да, Англияда да орын алады. Бірақ біз ХVІІІ ғасырдағы Ағарту философиясының үлгісі ретінде француз ойшылдары Вольтер мен Руссоның ілімдерін қарастырамыз.

Ағарту философиясының өкілдері

Вольтер

Вольтердің (1694-1778 ж.ж.) шын аты Франсуа Мари Аруэ. 1718 жылдан бастап ол өзін Вольтер деп атай бастаған. Тарихқа да осы атпен енді. Оның шығармалары жүздеген жасырын атпен жарық көрген. Солардың бірі Вольтер болған. Қарапайым отбасынан шыққан. Вольтердің әкесі нотариус болған екен. Философияда тұлғаның тарихтағы рөлі деген дәстүрлі тақырып бар. Вольтердің өмірі мен қызметі сол тақырыпты ашуға таптырмайтын материал болып табылады.

Вольтер жасынан христиан дінінің негізгі қағидаларына күмән келтіріп, елдегі ескірген феодалдық, дворяндық тәртіпті сынай бастайды. Кейін есейген шақта әдебиеттің, көркем сөздің, өнердің, философияның барлық құралдарын пайдаланып: енді ескіше өмір сүруге болмайды, ат төбеліндей үстем тап өкілдері (дінбасылар, дворяндар) жеке басының мүдделері үшін бүкіл халықтың тағдырын құрбан етіп отыр деген идеяны елге таратады. Қоғамның болашағы, Вольтердің ойынша, жаңа таптармен-саудагерлермен, банкирлермен, мануфактура иелерімен байланысты. Бірақ жаңа таптардың өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға ескі таптар кесел келтіруде. Вольтер бастаған ағартушылыр алдарына қоғамдағы бас көтере бастаған жаңа прогресшіл күштерге жол ашу міндетін қояды.

Вольтердің ащы, улы, өткір, кекесін сөздері ең алдымен Шіркеу иелеріне бағытталған. Оның бір сөзі бүкіл Еуропаға тарап кеткен: «Жексұрынды таптаңдар!» Жексұрын деп отырғаны – дінбасылар, епископтар. Вольтер дінді жоққа шығармайды. Ол діннің моральдық, тәрбиелік маңызын түсінеді. Оның нақыл болып кеткен тағы бір сөзі: «Егер Құдай болмаса, оны ойлап табу керек болар еді». Құдай бірақ табыну объекті ретінде емес, адалдықтың, тазалықтың, шындықтың, әділеттіліктің символы ретінде керек.

Вольтер, сөйтіп, бүкіл ХVІІІ ғасырдың бетке ұстаған туы болды. Сол кездегі Еуропадағы елеулі оқиғалардың бәріне ол өз ықпалын тигізді. Француз жазушысы В. Гюго: «Вольтер жай адам емес: ол бүкіл ғасырмен тең болды», – деп орынды айтқан. Вольтер өте дарынды тұлға: ақын, драматурт, жазушы, сыншы, тарихшы, философ, күрескер. Ол – француз ағартушыларының көсемі болды. Ол Гольбахпен, Дидромен, Гельвециймен, Ламетримен және Руссомен бірге 1789 жылғы Ұлы француз революциясын идеологиялық, рухани тұрғыдан әзірледі. Вольтер Дидромен, Даламбермен бірге отыз томдық француз «Энциклопедиясын» әзірлеп бастырып шығарды. Мұндағы философия саласындағы мақалаларды жазған Вольтер еді. Ол осы «Энциклопедияны» «ұлттың ұлы ескерткіші» деп атады.

Вольтер көзі тірісінде «философтардың королі» деген атаққа ие болған. Ол өз шығармаларын «Философиялық повестер», «Философиялық хаттар» деп атаған. Дүниежүзілік классикалық әдебиет құрамына кірген шығармалары: «Кандид немесе оптимизм» (1759 ж.), «Ақпейіл» («Простодушный» – 1767 ж.), «Задиг немесе тағдыр» (1747 ж.), т.б. Вольтердің философиялық ілімі ол әзірлеп бастырған бес томдық «Философиялық сөздікте» (1764-1769 ж.ж.) және «Метафизикалық трактат» (1734), «Паскальдің «Ой түйіндеріне» ескертпелер» (1743 ж.), «Адам жөнінде пайымдау» (1737 ж.), «Ньютон философияның негіздері» деген еңбектерінде баяндалады.

Үстем тап өкілдерін, епископтарды әжуа еткен сықақ шығармалары үшін Вольтер өмір бойы қуғын-сүргінге ұшырайды. Мемлекеттік қылмыскер деп айыпталып, түрмеге де (Бастилияға) қамалады. Бірақ түрмеде де райынан қайтпай, халқына: «Философ бұғауда да еркіндікте», – деп жариялайды.

1726 жылы елінен қуылып, Англияға кетуге мәжбүр болады. Ағылшын тілін меңгеріп, онда Бэконның, Гоббстың, Локктың, Толандтың, Берклидің шығармаларын оқиды. Лондоннан еліне жазған «Философиялық хаттары» күні өткен ескі тәртіпке қарсы бағытталған «алғашқы бомба» болды. Вольтер Англия мен Франциядағы қоғамдық құрылысты салыстырып, Англияны өндірісі, ғылымы мен мәдениеті дамыған озық ел, ал Францияны, керісінше, ескі жолмен ілбіп келе жатқан артта қалған ел ретінде суреттейді.

Вольтердің тарих жөніндегі түсінігі оның «Франциядағы азамат соғыстарының тәжірибесі», «Жалпы тарих туралы тәжірибе және халықтардың рухы мен әдет-ғұрыптары жөнінде», «Тарих философиясы», «Тарих туралы толғамдар» деген сияқты еңбектерінде жарық көрді. «Халық рухы туралы…» деген үш томдық көлемді еңбегі әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ. Вольтер философияға «тарих философиясы» деген ұғымды енгізді.

Тарихты, – дейді Вольтер, патша сарайы мен шіркеудің хроникасына айналдыруға болмайды. «Тарихшы ретінде мені, — деп жазады Вольтер, – корольдерің тегі, үрім-бұтағы, бірінің-бірімен талас-тартысы, айла-шарғылары қызықтырмайды. Мұның тарихқа ешбір қатысы жоқ». Тарихшылар халықтың тұрмыс жағдайларына, өндірістің, сауданың, ауыл шаруашылығының дамуына, техникадағы жаңалықтарға жіті көңіл бөлулері керек, – дейді. Адам, оның ойынша, саясатпен ғана өмір сүрмейді. Адам, Аристотель айтқандай, саяси жануар ғана емес, сонымен бірге ол – өнертапқыш жануар. Тарихта адамның жасампаз қабілеті паш етіледі. Тарихтың мазмұнын құрайтын мәселелер соғыстар мен төңкерістер ғана емес, ең алдымен, оқу-білімнің, ғылымның, мәдениеттің, өндірістің дамуы және адамның, адамдардың қарымқатынасының жетілуі. Мемлекеттердің өмір сүруінің, дамуының кепілі қарапайым адамдар, солардың еңбегі. Бұл солардың арқасында көздеген мақсаттарына жетуге тырысатын жалған батырлардың жеңісі мен жеңілісінің тарихынан маңызды.

Кейбір әміршілер, мысалы, Наполеон Вольтердің мұндай ойларын жақтырмаған, ал Екатерина Екінші онымен жиі-жиі хат алысып отырған. Вольтер өзінің көптеген шығармаларында тарихи процестің қайшылықты және кездейсоқ, күтпеген жайттарға толы болып келетінін сөз етеді. Тарихтан ақылдың ізін табу оңай емес, – дейді ол. Тарихта ештеңе де алдын ала ойластырылып істелмейді. Тарихта, адамдардың іс-әрекеті ақылдан гөрі эмоцияға, түйсікке (инстинкт) негізделеді. «Дүниені билейтін – пікір», – деп мәлімдейді философ. «Тарих дегеніміз, – дейді Вольтер, – драма, мұнда үйлесімділік былықтан, әр алуан мүдделердің қақтығысынан туады». Біз өмір сүретін дүние – үлкен қасапхана (бойня), ал қоғамдағы ауызбірлікке, ынтымаққа сенетін адам өзінің шынжырымен ойнап отырған тұтқынды (каторжникті) еске түсіреді. «Тарихта, – деп мәлімдейді Вольтер, – шешуші рөлді мүдде және байлық пен билікке деген ұмтылыс атқарады».

Тарих барысына тереңірек үңілген адам, Вольтердің ойынша, таңқаларлық жайттарға тап болады: белгісіз жолмен билік басына келген алаяқтар кейде жеке басының мүддесін халық бұқарасына қоғам мүддесі ретінде таңып, халықты небір апаттарға ұрындырады. Солардың бірі – діни соғыстар. Құдай атымен, Құдай үшін адамдарды қырып салу қандай қисынға жатады? Бұл – адамдардың мүддесі үшін соғысу, бұған діннің де, Құдайдың да ешқандай қатысы жоқ. Вольтердің шығармаларында тарих философиясы үшін маңызы зор «уақыт талабы», «заман рухы», «халық рухы» деген ұғымдар жиі ұшырасады. «Менің мақсатым, – деп жазады Вольтер, – заман рухын естен шығармау; сол ғана дүниедегі ұлы оқиғалардың түпкі себебі болып табылады». «Задиг» деген философиялық романында Вольтер дүниеде болып жатқан уақиғаларды бірде сынақ, бірде жаза, бірде шапағат, бірде кесапат ретінде суреттейді.

Вольтердің тарих жөніндегі тағы бір терең ойы: адамдардың алдына қойған мақсаты мен соны жүзеге асыруға бағытталған ісәрекетінің нәтижесі сәйкес келе бермейді. Кейде тарихта ешкім күтпеген және ешкім қаламаған оқиғалар болып жатады. Римнің іргетасын қалаған Ромуль бұл қаланы готт патшалары мен епископтары үшін тұрғызғанын білген жоқ. Александр Македонский өз атымен аталған қаланың түбі түріктердің қол астында болатынын, ал Константин Константинопольді (қазіргі Стамбулды) Екінші Махмұд үшін тұрғызғанын білген жоқ. Мұндай мысалдар, – дейді Вольтер, тарихта топтап кездеседі.

Жан Жак Руссо

ХVIII ғасырдағы көрнекті ағартушылардың бірі – француз жазушысы және философы Жан Жак Руссо (1712-1778 ж.ж.). Руссо – Вольтердің отандасы және замандасы, екеуі де өздері өмір сүрген кертартпа қоғамды сынауда небір тапқырлық және батылдық танытты. Екеуі де үстем тап пен халық бұқарасының арасындағы қайшылықты, екі жақтың мүддесінің алшақтығын ашып берді. Дей тұрғанмен, Вольтер мен Руссоны оқығанда қарапайым халықты Вольтер қоғамдық мүддені жүзеге асырудың құралы ретінде, ал Руссо қоғамдық мүддені жүзеге асырудың мақсаты ретінде қарастыратынын аңғаруға болады. Белгілі орыс философы А.И. Герцен «Табиғатты зерттеу туралы хаттарында» бұл жөнінде былай деп жазады: «Вольтер мен Руссо – замандастар, ал оларды бөліп тұрған алшақтық қанша десеңізші! Вольтер өркениет үшін оған кесел болатын надандықпен аянбай күреске шықса, Руссо осы өркениеттің өзін масқаралайды» (Герцен А.И. Соч. В 9 т. Т.2, – М., 1955. С. 325). Руссоның өз заманын басып озғанының куәсі осы.

Бала кезінде Руссо ата-анасынан гөрі (анасы бұл дүниеге келген бойда дүниеден озады) апаларының арқасында жақсы тәрбие алады. Көп оқиды: француз романдарын, Плутархты, Овидийді. Бірақ жүйелі білім ала алған жоқ. Университетте оқуға мүмкіндігі болған жоқ. Ерте еңбекке араласады; күнкөріс үшін әр түрлі іспен айналысуына тура келеді: нотариуста хатшы, оймашы (гравер), күтуші, тәрбиеші, т.б.

Неге қолы жетсе де, бәріне де Руссо өздігінен, өзінің ізденуімен жетті. Ержеткенде Декарттың, Локтың, Лейбництің, Ньютонның, Монтеньнің, Вольтердің еңбектерін зерттейді, мұнымен де шектелмей өздігінен физиканы, химияны, астрономияны меңгеруге күш салады, латын тілін үйренеді. Сол кездегі, Францияның алдыңғы қатарлы зиялыларымен (Дидромен, Гольбахпен, т.б.) танысып, пікір алмасады.

Руссоны ғылыммен бірге толғандырған мәселе – адам тәрбиесі. Әкесіне жазған бір хатында Руссо бұл жөнінде былай дейді: «Маған ақыл-ойды жетілдіру жеткіліксіз, сонымен бірге адамдардың жүрегіне ізгілік пен даналықты ұялатқым келеді».

Руссоның елде ойшыл және жазушы ретінде танылуы кенеттен және күтпеген жерден болғанға ұқсайды: оншақты жылдың ішінде көп қиналып ізденбей оқу, білім, ғылым, мораль, прогресс тақырыбына бірнеше трактаттар жазып, озық және өзгеше ойларымен өзіне жұртшылықтың назарын бірден аударады. Руссоның идеялары төңірегінде осы кезге дейін талас-тартыс жалғасып келеді.

Дижон академиясы жариялаған конкурсқа жауап ретінде Руссо «Ғылым мен өнердің өркендеуі адамдардың мінез-құлқының түзелуіне ықпал етті ме?» деген кітап жазып, конкурста қойылған осы сұраққа үзілді-кесілді «Жоқ» – деп жауап береді және өз ойын қоғамдық прогреске тән қайшылықтарды талдау арқылы негіздемек болады. Ғылым-білімнің, техниканың дамуы тікелей адамның моральдық жағынан жетілуіне алып келмейді. «Бізде, – дейді Руссо, – жақсы физиктер, химиктер, математиктер, ақындар, жазушылар, суретшілер бар; біз оларды мақтаныш етеміз. Бірақ бізде үлгілі азаматтар жоқ». «Егер де, – дейді Руссо, – біз үлгілі азаматтарды тәрбиелей алсақ, онда бізде бәрі де болады; ондай адамдарды тәрбиелей алмасақ, онда бізде билік басындағылардан бастап бәрі де басыбайлы құлдар ғана болады».

Рухани мәдениеттің (білімнің, ғылымның, өнердің) дамуына баса көңіл бөлінбесе, онда біз прогрестің теріс салдарына тап боламыз. Адамгершіліктің түп тамыры логикалық пайымдауда емес, сана-сезімде, түсінікте, ізгі жүректе. Ізгіліктің мән-жайын жақсы білетін адам міндетті түрде ізгі адам бола бермейді. Прогресс адам ақыл-ойының пәрменділігін паш етеді. Сонымен бірге ол адамды бірте-бірте табиғи ортасынан алыстата түседі, адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділіктің бұзылуына әкеліп соқтырады. Осыған орай, Руссо мәдениет пен табиғаттың арасындағы шиеленісе түсетін қайшылыққа назар аударады. Мәдениет дамып, жетілген сайын қолдан жасалған жасанды заттар көбейіп, табиғи дүниелер азайып, жоғала береді. Сөйтіп, табиғилық пен жасандылықтың арасындағы қайшылық асқына түседі.

Руссо философия тарихында алғашқы болып мәдениет пен өркениеттің арасындағы қайшылыққа назар аударды. Өркениет ғылымның, техниканың, өндірістің дамуына негізделеді. Бұлар адамсыз да өздігінен өркендей беретін сияқты болып көрінеді. Ал мәдениет – шын мәнінде атына заты сай болатын болса адамға бағыт ұстайды. Мәдениеттің өркениетке айналуы түбі мәдениеттің құлдырауына әкеліп соқтырады, өйткені ол адамнан қол үзіп кетеді.

Руссо өзінің «Адамдардың арасындағы теңсіздктің пайда болуы» (1755 ж.) және «Қоғамдық келісімшарт туралы немесе саяси құқық принциптері» (1762 ж.) деген еңбектерінде алғаш рет жатсыну (отчуждение) мәселесін алға қояды. Жатсыну, оның ойынша, қоғам дамуында адам мен адамның, адам мен қоғамның, қоғам мен табиғаттың, адам мен техниканың, ғылым мен моральдың арасында орын алады.

Саяси өмірде – мемлекет пен адамның арасында алшақтық пайда болады, мемлекет адамға емес, өзіне-өзі қызмет етуге тырысады. Әлеуметтік-экономикалық салада – ат төбеліндей азғантай топ байып, қалың бұқара жоқшылықтың азабын тартады. Мораль саласында – байлық адамды бұзады: адам адамды адамгершілігіне қарап емес, байлығына қарап бағалайтын болады; кедейлермен ешкім санаспайды. Жатсынудың салдарынан психологиялық тұрғыдан адам өзін әлсіз, жалғыз сезініп, көрінгеннен қорқатын болады, болашағына сенбейді.

Қоғамда жатсынудың пайда болуын және орын алуын Руссо жекеменшіктің болуымен байланыстырады. Қоғамда әділеттілік орнауы үшін адамдар біріне-бірі тең болуы керек және олар өзін еркіндікте сезінуі керек. Еркіндік те жекеменшікпен тығыз байланысты: тақыр кедейде қандай еркіндік болсын. Жекеменшік қоғамды да, адамды да бұзады, – дейді Руссо, ол теңсіздікке, зорлық-зомбылыққа жол ашады, адамның адамды қанауына әкеліп соқтырады.

Вольтер Руссоның табиғилықты асыра дәріптеуін, адамзатты «Кейін, табиғатқа қарай жүруге» үндеуін қияли романтизм деп бағалайды: ешкім мәдениет, техника жаңалықтарынан, өркениеттен бас тартпайды. Руссоға жазған бір хатында Вольтер: «Сіздің мәдениеттен бас тартып, «табиғатқа қарай, кері жүрейік!» деген идеяңызды естігенде төрт тағандап жүргіміз келіп кетті», – деп әжуалайды. Кері жүруге жол жоқ екенін Руссо да, әрине, түсінеді. Оның ұсынысы адамның табиғаттан қол үзіп кетпеуін уағыздауға келіп саяды.

Руссоның озық, өжет ойлары оның еңбектеріне бүкіл Еуропаның назарын аударды. Бір кезде Руссоны білмейтін, Руссоны оқымаған сауатты адамдар болмаған шығар. Руссо И. Кантқа, К. Маркске, Л. Толстойға айтарлықтай ықпал етті. Л. Толстой 15 жыл бойы Руссо бейнесін бойтұмар етіп, мойнына тағып жүріпті деген мәлімет те бар.

Ағылшынның ұлы ақыны Джордж Байрон (1788-1824 ж.ж.) Руссоны ұлы Француз революциясын әзірлеген ойшылдардың қатарына жатқызады:

И молнией безумья озаренный,
Как пифия на троне золотом,
Он стал вещать и дрогнули короны,
И мир таким заполыхал огнем.
Что королевства, рушась, гибли в нем.
Не так ли было с Францией, веками
Униженной, стонавшей под ярмом,
Пока не поднял ярой мести знамя
Народ, разбуженный Руссо с его друзьями.

Руссоның көркем шығармалары мен педагогикалық туындылары да әлемге әйгілі болды. «Юлия немесе Жаңа Элоиза» (1761 ж.) деген романы күні бүгінге дейін оқырмандардың сүйіп оқитын кітабы болып табылады. Ал «Эмиль немесе тәрбие туралы» деген педагогикалық трактатының табысы таңқаларлық десек, артық болмайды. Оқымыстылар да, философтар да, саяси қайраткерлер де бұл шығарманы қайталап оқудан жалықпаған. Немістің ұлы ақыны, ойшылы Гете Руссоның кітабын «Тәрбиенің табиғи Інжілі» деп атайды. Кант Руссоны өзінің ұстаздарының қатарына қояды. Оның «Эмилін» оқыған ата-аналардан, дейді ол, болашақта үлгілі азаматтар шығады. Тағы бір неміс философы И. Гердер (1744-1803 ж.ж.) оқу тәрбие ісін жолға қойған үлгілі мектеп қандай болуы керектігін Руссоның «Эмилін» оқығандар біледі дейді.

Руссоның бір сөзін академик З. Қабдолов былай аударыпты: «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өз уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау». Біз, философтар, Руссоның «Тәубеге келуін» де («Исповедь») жоғары бағалаймыз: өте шыншыл, адам өмірінің айнасындай әсер қалдыратын туынды. Бұл өмірбаяндық хикаяны оқып отырып, «адам деген қандай жұмбақ еді?!» – деп таң қаласың. «Зерде» кітапханасынан Руссоның «Қоғамдық келісімшарт туралы немесе саяси құқық принциптері» деген еңбегі басылып шыққанын айта кету керек. (Алматы: «Үш Қиян» – 2004).

Авторлық сілтеме:
Рысқалиев Т.Х. Философия тарихы: Оқулық. / Т.Х. Рысқалиев, — Алматы: Экономика, 2015. 508 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *