Адам денесінің рецепторлары

Адам денесінің рецепторлары. Адам денесінде сезіну мүшелерінде орналасқан рецепторлардан басқа ішкі мүшелерден миға ақпарат жеткізетін рецепторлар бар. Бұлар тітіркендіргіш қабылдауына байланысты тері рецепторларына ұқсас болады.

Тері рецепторлары. Әртүрлі рецепторлардың көмегімен түрлі сезінулер пайда болады. Тері арқылы біз нені сеземіз? Теріде төрт түрлі тітіркенгіштікті қабылдайтын рецепторлар болады: 1) жанасу (қысым); 2) ауруды сезіну; 3) суықты сезіну; 4) жылыны сезіну.

Құрылысы мен атқаратын қызметіне және орналасуына байланысты тері рецепторлары әртүрлі болады. Мысалы, қысымды қабылдайтын рецепторлар бірдей емес. Терінің беткі қабатында орналасқан рецепторлар жеңіл жанасуды қабылдайды. Ал терінің терең қабатында орналасқан рецепторлар қысымы жоғары жанасуды қабылдайды. Үшінші түрлері тербелістерге — қысым күшінің өзгеруіне жауап береді. Тітіркендіргішке жауап беруіне қарай рецепторларды терморецепторлар, механорецепторлар, ноцицепторлар деп бөледі.

Терморецепторлар қоршаған орта температурасының өзгеруіне жауап береді. Теріде орналасқан жоғары температураға жауап беретін рецепторлар суыққа жауап беретін рецепторларға қарағанда анағүрлым көп болады.

Механорецепторлар — кез келген механикалық әсерге жауап беретін рецепторлар тобы. Бұл қысымның өзгеруі, созылу немесе сығылу болуы мүмкін және т.б. Негізінен механорецепторлар жанасудан пайда болған сезінуді қабылдайды. Бүл рецепторлар көзі көрмейтін адамдарда жақсы дамыған. Олар жазба сөздерді механорецепторлардың көмегімен қабылдайды.

Ноцицепторлар — кейбір ғалымдардың айтуынша, ауруды сезінуді қабылдаса, ал басқа ғалымдардың айтуынша, механорецепторлар болып табылады.

Ауруды сезінуді қабылдау туралы ғалымдар арасында бірдей пікір жоқ. Оның пайда болуы теориясы туралы екі түрлі пікір бар: 1) ауруды сезіну арнайы рецепторлардың дәл осы тітіркендіргіштікті қабылдауынан пайда болады; 2) ауруды сезіну егер де олар қабылдайтын тітіркенгіштіктің күші өте жоғары болса, кез келген рецепторларда пайда болады. Бірақ ауру сезудің пайда болуы мидың әсіресе үлкен ми сыңарларының рөлі екенін ұмытпаған жөн.

Теріден тыс рецепторлар. Бұл рецепторлар буын, бұлшық еттер, сіңірлер, кейбір сілемейлі қабықшалар және басқа да мүшелерде кездеседі. Сонымен бірге олар да температураны, ауруды, жанасу мен қысымды қабылдайды. Адам көзі жұмулы қалпында да бұлшық еттерде, сіңірлерде болатын рецепторларға байланысты қолының бүгіліп немесе жазылып тұрғанын, отырғанын немесе тік тұрғанын сезе алады. Сонымен бірге өңеш арқылы өткен сүйық тамақтың ыстық немесе суық екенін сезе аламыз. Ал егер де тамақ өте ыстық болса, онда температурадан басқа ауырсынуды да сеземіз.

Басқа да ұқсас мәліметтер

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *