Абсолютизмнің дағдарысы және Француз революциясының басталуы

Француз абсолютизмі және оның ерекшеліктері

XVII ғасырдың екінші жартысында Франция Еуропадағы ең қуатты және орталықтандырылған мемлекеттердің бірі болды. Францияның мемлекеттік құрылымы — бұл классикалық абсолюттік монархия. Заң шығарушы, атқарушы, сот билігі корольға тиесілі болды. 1589 жылдан бастап Француз тағында Бурбондар әулеті отырды.

Француз абсолютизмі XIV Людовик -«күн-король» кезінде ең үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ол толық түрде басқарудың әкімшілік-топтық жүйесін құрды. Король ғана қорытынды шешім қабылдады. Бюрократия құдіретті саналды. XIV Людовик Еуропаға үстемдік етуден дәмелі еді. Оның билігі кезінде француз халқы 30 жылдан артық уақыт соғыс жағдайында болды. Егер XIV Людовик: «Мемлекет — бұл мен», — десе, XV Людовик: «Менен кейін, тіпті топан су басып кетсін», — деген. Келесі король XVI Людовик те саясатқа қызықпады. Жергілікті парламенттер біртіндеп француз монархиясының қарсыласу орталығына айнала бастады.

Француз қоғамы үш сословиеден тұрды. Көптеген артықшылықтарды иеленген бірінші сословиеге ақсүйектер, екінші сословиеге дін қызметшілері кірді. Ал мемлекеттің қалған азаматтарының барлығы (шаруалар, қолөнершілер, буржуазия, еркін кәсіпшілер, жұмысшылар мен қала кедейлері) үшінші сословиені құрады. Оларды жалпы құқықсыз жағдай мен көптеген салықтар төлеу міндеттері біріктірді. Сонымен қатар үшінші сословиеде буржуазия мен жұмысшылар арасындағы таптық жіктеліс жүрді. Француз буржуазиясы әлеуметтік жағынан біртекті болмады. Олар ірі, орташа және ұсақ буржуазия болып бөлінді. Ұсақ буржуазияның иелігінде бірнеше ғана шеберханалар болды. Бірақ барлық буржуазия, соның ішінде ірі топтары да, саяси құқықсыз болды. Олар дворяндар мен дін иелері сияқты тең құқыққа ие болуды армандады.

XVIII ғасырдың ортасындағы Францияның әлеуметтік-экономикалық дамуы

XVIII ғасырда Франция аграрлық мемлекет болатын. Сауда мен өндірістің даму деңгейі бойынша Франция қалған еуропалық елдерден тек Англияға ғана жол бере отырып, алдыңғы орында болды. Алайда француз экономикасының негізі ауылшаруашылық өнімдеріне тиесілі болып қала берді. Франция ауылшаруашылығында негізгі рөлді тәуелді шаруалар атқарды. Олар корольдың, шіркеудің және феодалдың пайдасына салықтар төлейтін. Француз шаруаларының жекебасы еркін болды. Бірақ олар бүл жерлерді тек феодалдық құқықта және ескі «Мырза болмаса, жер жоқ» деген қағидаға сүйенді. Дворяндардың жер иеліктері жеке шаруалар үлесіне бөлінді. Бірақ жекеменшік құқығы оларға бекітілмеді. Жерді қолданғаны үшін шаруа мырзаға алым-салықтарды төлеуге міндетті болды.

Сонымен қатар үйде пеш иелену құқығына, көпір және жеке жолдарды қолдануға шаруалар жанама салықтар төледі. Сеньорға тиесілі ұстаханаларды, диірменді, наубайханаларды шаруалар ақша төлеп пайдалана алатын. Шаруа шіркеуді қамтамасыз ету үшін шіркеу ондығын төледі.

Сеньор мен шіркеуден басқа шаруа мемлекеттің негізгі салық төлеушісі бола отырып, мемлекетті де қамтамасыз етуі керек болды. Негізгі салық — бұл талья, шаруа меншігінің құнының 1/5-і болатын.

Жалпы, XVIII ғасырдың соңында француз ауылшаруашылығында көне, ортағасырлық, жартылай феодалдық қатынастар билік етті. Дворяндар да, шіркеу де жекеменшік шаруашылық жүргізбеді. Тек буржуазия ішіндегі аздаған ірі жер иелері және кейбір дворяндар батрақтардың жалдамалы еңбегі негізінде және ауылшаруашылығының озық әдістерін қолдана отырып, жеке шаруашылықтарын жүргізуге тырысты.

Кедей шаруалардың шаруашылықтарында жер бұрынғыдай ең қарапайым әдістермен өңделді. Осының салдарынан егіншаруашылығында өнім төмен болып, елде ашаршылық жағдайы орын алды.

Францияда көптеген ірі қалалар болды. Париж өнеркәсіп пен байлықтың орталығына айналды. Мемлекетте дамыған мануфактуралы өндіріс қалыптасты. Мануфактураның дамуындағы негізгі кедергі цехтық және мемлекеттік тәртіп болатын. Ішкі нарықтың даму жолындағы негізгі кедергі — ішкі кедендік жинақтар болды. Француз буржуазиясы әлеуметтік тұрғыдан біржақты болмады. Сонымен бірге барлық буржуазия, жалпылай саяси тұрғыдан құқықсыз болды. Сондықтан буржуазияның негізгі саяси талабы -дворяндармен саяси тең құқықта болу еді.

Француз абсолютизмінің дағдарысы

XVIII ғасырдың соңында біріккен ұлттық мемлекет құруда бір кездері елеулі рөл ойнаған абсолюттік монархия капитализмнің дамуын тежейтін және дворяндар мен дін қызметкерлерінің көптеген артықшылықтарын қорғайтын реакциялық күшке айналды. Шаруалар Францияны арзан азық-түлікпен қамтамасыз еткенімен өздері аштықта өмір сүрді. Шаруалар қозғалысы жиі тұтана бастады.

Ішкі нарықты кеңейту шаруалардың натуралды шаруашылығына келіп тірелді. Ауылдағы феодалдық қатынасты жою керек болды. Бұған шаруалар, сонымен қатар буржуазия да мүдделі болды. Өнеркәсіп пен сауданың еркін дамуына өндірістің кіші цехтық тәртіптері кедергі келтірді. Буржуазия цехтық құрылымды жоюды мақсат етті. Буржуазияның негізгі экономикалық талабы кәсіпкерліктің толық еркіндігі болатын.

XVIII ғасырдың 80-жылдарында феодалдық абсолюттік билік дағдарысы ушыға түсті. Ғасырдың ортасында экономикалық даму тоқтады. Мемлекеттің шаруашылық жағдайы нашарлады. Өндірістік-сауда дағдарысы орын алды. Монархия қаржылық банкрот табалдырығында тұрды. Шіркеу мен дворяндар салық төлемеді, ал француздардың негізгі бұқарасы XVIII ғасырдың соңында салық төлейтін жағдайда емес еді.

Француз буржуазиялық революциясының бастамасы

Абсолютизмнің дағдарысы жағдайында 1614 жылдан бері Францияда Бас штаттар, яғни феодалдық-сословиелік уәкілдіктің жоғары мәжілісі шақырылмаған еді. Дворяндар Бас штаттарды шақыруды талап етті. Бас штатқа сайлау халық бұқарасының белсенділігіне әсер етті.

1789 жылы 5 мамырда Версальда Бас штаттар жиналысы ашылды. Олар бұрынғыдай үш сословие өкілдерінен тұрды. Үшінші сословие депутаттарының негізгі бөлігін ірі француз буржуазиясының өкілдері құрады.

Үшінші сословие депутаттары халық қолдауын сезіне отырып, шабуылға көшті. Олар өздерін Ұлттық жиналыс деп жариялады.
1789 жылы 9 шілдеде жиналыс мүшелері өздерін Ұлттық Құрылтай жиналыс деп жариялады. Парижде көтеріліс орын алды. 14 шілдеде таңертең Париж көтерілісшілердің қолында болды. Көтерілістің соңғы қимылы Бастилияны басып алумен аяқталды. Бұл француз революциясының және оның бірінші жеңісінің бастамасы еді.

1789 жылғы революцияның басты саяси жетістігі буржуазия мен халықтың одақтастығы арқасында абсолюттік билікті құлату болды. Басты саяси басқарушы мекеме болып Құрылтай жиналысы болып танылды, оған мүше болғандар, негізінен, буржуазия өкілдері еді. Жергілікті билік те буржуазияның қолына көшті. Осылайша Францияда аса маңызды тарихи оқиға — мемлекеттік биліктің буржуазияның қолына өтуі жүзеге асты.

Пайдаланылған әдебиеттер:
Алдабек Н., т.б., Дүниежүзі тарихы. Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2018. — 208 б.

Басқа да ұқсас мәліметтер